Көшедегі асқа күмәнмен қара, сонда ғана сау жүресің

Фастфуд тағамдарын жемейтін адам кемде-кем бүгінде.

Ал осындай тез дайындалатын «астың» зиянын айтып, мамандар да дабыл қағуда. Оларда болатын мыңдаған микробтар түрлі аурудың пайда болуына себеп боп жатады. Ендеше осы жөнінде облыстық Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Ж.Сүндеталиеваның пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Адамдар өмір ағымының жылдамдығына байланысты айына бір рет болса да өз үйінен тыс жерде, яғни үй асымен тамақтанбауға мәжбүр болады. Нәтижесі - қоғамдық тамақтану орындарының саны өте көп. Әр қадам сайын дерлік дәмхана мен мейрамханалардан бастап, донер мен самса сататын кәдімгі қарапайым дүңгіршектерге дейін сізді тамақтандыруға дайын тұрады.

Фастфуд пен тез дайындалатын тағамдардың пайдалы емес екендігі, тіпті өте зиян екені айтпасақ та түсінікті. Тек қана Е-қоспаларының, консерванттардың, бояғыштардың, канцерогендердің, майлардың барлығы тез дайындалатын тағамдарда бар екендігін ескере кетейік. Себебі бұл «ғажайыптар» жылдам дайындалатын тағамдардың құрамында ұзақ уақыт сақтала алады. Тіпті, қарапайым кәріс салатының құрамында дәмді күшейткіш - натрий глутаматы бар. Оны жиі және жүйелі түрде қолдану онкологиялық ауруға әкелуі мүмкін. Айта кетсек, натрий глутаматы тек кәріс салаттарын дайындауда ғана емес, сонымен қатар тез дайындалатын тағамдардың көбінің құрамында кездеседі.

Тақырыбымыз микробтар жөнінде болғандықтан, олардың тез дайындалатын тағамдарда болу мүмкіндігі жөнінде айтайық. Микробтар улануды және ауруларды тудырады. Көшеде орналасқан ас-су, тағам сататын дүңгіршектердің бәрі қол жуатын құбырмен де жабдықталмаған. Енді ойлап көріңіз, сізге бір қарағанда тәбетті ашатын тамақ әзірлеп сататын адам, бұған дейін дәретханаға барып, лас заттарды ұстап, аяқкиімін сүртіп және тағы басқа істермен айналысуы мүмкін. Ал сол лас қолымен сізге тамақ әзірлеп береді. Қазіргі өркениетті заманда сауда дүңгіршектеріндегі сатушылар арнайы қолғаппен жұмыс істейміз деп қарсылық білдіруі мүмкін. Бірақ, тазалық гигиенасын сақтау үшін сатушы қолғабын 5 минут сайын демей-ақ қояйық, тым болмаса сағат сайын ауыстырып отыруы қажет.

Сонымен қатар, мұндай орындардағы күнделікті тазалық жұмыстарының уақытында жүргізілуі де күмән тудырады. Мүмкін, ылғалды шүберекпен сүртіп алумен ғана шектелетін шығар. Алғаш қарағанда таза болып көрінгенмен, көзге көрінбейтін микробтардың шоғырланбауының кепілдігі жоқ. Тазалық жұмыстары жүргізілсе де, арнайы залалсыздандыратын құралдардың пайдалануы, пайдаланылған уақыттың өзінде әр 2-3 сағат сайын тазаланып отырылуына шүбә келтіреміз. Ал микробтар саны уланатын жағдайға апаратын мөлшерде өсе түседі. Тағы да бір айта кететін жағдай: мұндай қоғамдық тамақтану орындарында әдетте, тоңазытқыш, мұздатқыш құралдары орнатылмайды. Демек, барлық салаттар, майонездер, дайын өнімдер бөлме температурасында, кейбір жағдайларда, тіпті, ұзақ уақыт бойы шыжыған күннің астында сақталады.

Бұдан туындайтын қауіпті айтып түсіндірмесек те болады. Айтпақшы, астаналық базардың бірінде орналасқан осындай тез тамақ дайындайтын дүңгіршектердің бірінде дайын кәуаптың арасында егеуқұйрықтың жүгіріп жүргенін өтіп бара жатқан адам бейнетаспаға түсіріп алған. Осы кәуаптар сатушының адалдығына сенетін тұтынушылардың біріне сатылмағанына кім кепіл?

Сондықтан, жоғарыда айтылғандарды ескеріп, көшеде орналасқан осындай сауда орталықтарынан тағам сатып алу-алмау керектігін өзіңіз шешесіз. Жеңіл пайда соңына түскен кәсіпкерлердің жауапсыздығы үдеп келеді. Ал, мұндай орындарды тексеру, тек тұтынушылардың ескертуі арқылы немесе наразылығы бойынша жүргізілуі мүмкін. Әрине, бұл мақалада жазылған жайттар жылдам тамақ дайындайтын барлық орындарда кездеседі деп айтудан аулақпыз. Сөзсіз, өз беделдерін ойлайтын, барлық ережелер мен нормаларды сақтайтын жауапты кәсіпкерлер де бар. Дегенмен, таңдау өзіңізде.

Дайындаған: П.ЖАУЫНБАЙ.

Видеолар

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет