Құлаққапты киіп ап... қауіпті естен шығарма

... Естіп-білуімізше, құлаққап киген екі жасөспірім қыз қаланың ұзын жолын кесіп өтпекші болды.

Бұл жерде «жаяу жүргінші» белгісі жоқ еді. Ата-анасы да «жолдан байқап өтіңдер» деп айтқан шығар. Алайда олар әдеттегідей өтіп кетеміз деп ойлады-ау. Неге екенін қайдам, қаншама оқиғалар болып жатса да, пенде біткен тек өзінде ондай жағдай болмайтына бек сенімді болады. Сақтықты ұмытады. Мүмкін маңдайдағы жазу ма? Өкінішке орай қос жасөспірім бұл жолы жолдың арғы бетіне жете алмады... Заулап келе жатқан автокөлік арынын тежеместен зу ете түсті... Бұл - осы сәуір айының басында ғана Атырау қаласында болған оқиға. Әлеуметтік желілерге лезде тарап кеткен оқиға жайлы бәрі хабардар болды.

Мектеп мұғалімдері ата-аналарға уатсап желісі арқылы «Балалардың мектепке құлаққап киіп келмеуін қадағалау, жолда жүру ережесін түсіндіру» жайлы айтудайын-айтып жатты. Бірақ соны ескерер адам болса... Себебі қазір мектеп оқушыларынан бастап, ересек адамдарға шейін құлаққап киіп жүреді. Көліктерде, жолда, үйде – кез келген жерде құлағын тығындап, қолындағы әлемді сыйғызған төрт бұрышты экранға үңіліп отырған адамды көресіз. Соның ішінде мен де бармын, бәлкім сіз де барсыз. Қазіргі адамдардың ұялы телефонсыз, ғаламторсыз уақыты өтпейтіндей, шаруасы бітпейтіндей.

Иә, дамыған заманмен бірге ілеспесе тағы болмайды. Өйткені жаңа технологиямен кез келген шаруаң шапшаң бітетініне ешкімнің дауы жоқ. Бірақ қай нәрсенің де көлеңкесі болады. Бұл өмірде бәрі теңгерімді. Жаңа технология дамыған сайын экология ақсайды, адамның денсаулығына нұқсан келеді. Ал баяғы тұмса табиғатты аңсасақ, онда өркениетті ұмытамыз. Дегенмен осы жаңа техниканың зиянын азайтатын жолдарын неге қарамаймыз? Мәселен, ұялы телефонды тыныққанда денеңнен алыс жерде ұстау, өшіріп қою, телефонды қуаты азайғанда немесе қуаттағышқа қосылып тұрғанда пайдаланбау, ұзақ уақыт қарамау, құлаққапты қауіпсіз жерлерде ғана пайдалану сияқты қарапайым ережелерді мықтап ұстансақ қой. Бұл болмашы көрінетін әдеттер үнемі қайталана берсе, сағаттарға сағат, күндерге күндер, айларға айлар, жылдарға жылдар қосылғанда... денсаулығымызға орны толмас зардап әкелуі мүмкін. Ал онсыз да трансқа түсіп кетуге бейім адам құлаққап кигенде не болады? Иә, иә, транс деген сөзді тура мағынасында қолданып отырмын.

Расында да адам назарын бір нәрсеге ұзақ шоғырландыра алмайды. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деп баяғылар біліп айтқан. Сол ойдың үйір-үйір жылқылары бір жерде ойқастап тұра ма, тәйірі? Қазір бір үйіріп қайырып алсаң, қазір-ақ қай жаққа шауып кеткенін білмей қаласың. Мұның үстіне құлаққаппен әлдебір әуенді немесе ақпаратты тыңдап отырсаңыз... Ойыңыздың он саққа ауатынына бәс тігейін. Рас, оның да пайдасы бар. Әлдебір ақпаратты тыңдау, электронды кітап оқу, тіл үйрену, кино көру, жақсы әуен тыңдап, сергу немесе жайбарақаттану – онсыз қалай жүреміз, ә? Тыңдайық, көрейік, білейік... Бірақ шектен шықпауды ұмытпасақ. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге сақ болайық!

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

Видеолар

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет