Білім белесінде

Көзді ашып-жұмғанша жаңа оқу жылы да таяп қалды. Енді екі күннен кейін аудан мектептерінде құлаққа жағымды алғашқы қоңырау сыңғыры естіледі.

Білім күні орта оқу орындары өзін сағына жеткен оқушыларына есігін айқара ашып, ұстаздар мен шәкірттер бір-бірімен құшақ жая қауышады. Білім ордаларының әр сыныбында «Мен – елімнің патриотымын» тақырыбында сабақтар өткізіледі.

Әрбір оқу жылы өзіндік жаңалығын ала келетіндігі белгілі. Еліміздің ел ертеңін биыл да жағымды жақсы нәрселер күтіп тұр. Соның бірі – Өлкетану пәнінің енгізілуі. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлжансара Таңатарованың айтуынша, ол 5-7-сыныптар аралығында белгілі бір сағатпен оқытылады. Мәселен, тарих, қазақ әдебиеті, музыка, география секілді пәндерге кіріктіріліп, сабақ арасында оқушыға өзінің туған өлкесінің тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, өнері мен географиялық жағдайы жөнінде дәрістер беріледі. Бұл – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы асяында жүзеге асырылып жатқан игілікті іс. Әрине, осы игі бастама жалғасын тауып қана қоймай, алға қарай жеке пән ретінде оқытылып, өрісі кеңейе түсер деген үміттеміз.

Жалпы аудан мектептері жаңа оқу жылын 17232 оқушымен қарсы алғалы отыр. Г.Таңатарованың айтуынша, олардың 2555-і – 1 сынып табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер. Шәкірттерге барлығы 1647 мұғалім дәріс бермекші. Биыл ауданға әртүрлі деңгейдегі оқу орындарын бітірген 42 жас түлек жолдамамен келіп, өңіріміздің білім ордаларына мұғалімдік жұмысқа орналасты. Әйтсе де, мектептерде мамандар тапшылығы әлі де бар. Әсіресе, орыс сыныптарының оқытушылары жетіспейді. Бірақ бұл «аға тілде» оқып жатқан балалар жеткілікті біліммен қамтылмайды деген сөз емес.

Аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасы да жақсарып келеді. Биыл №20 орта мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Шілде айында басталған жұмыс алдағы желтоқсанда аяқталмақшы. Сондықтан ең алдымен, ішкі жөндеуі бұрынырақ қолға алынып, аяқталды. Күні бүгін мектеп жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын болды. Қалған оқу ордалары ағымдағы жөндеуден өтті.

Бір қуанарлығы, өткен оқу жылында аудан біраз жетістікке жетті. Мектеп бітірген 837 түлектің 676-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, басым көпшілігі жоғарғы көрсеткіштен көріне білді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында көптеген түлектеріміз білім гранттарына ие болды. Атап айтқанда, ауданнан 192 түлек мемлекеттік, ал 26 жас облыс әкімінің гранты бойынша жоғарғы оқу орындарына түсті. Олардың ішінде аудандағы тапшы саналатын технолог және бастауыш орыс сыныбы мұғалімі мамандығын таңдап алған жас түлектер де бар.

Е.Қошақанов.

Видеолар

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет