Ұлы даладан бастау алған өркениет

Өткен дүйсенбі күні ауданға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталығы төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігі жанындағы сарапшылық кеңестің мүшесі Өмірзақ Озғанбаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұханбетовтер келді. Олар аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен, еңбек ардагерлері, оқушылар және студенттермен, ұстаздар қауымымен кездесіп, Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көтерілген ұлттық құндылықтар хақында өзіндік көзқарасы мен ой-пікірімен бөлісті.

Кездесуді ашып сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова келген қонақтарды таныстырып, басқосудың мақсатын түсіндірді.

Өмірзақ Озғанбайұлы Елбасы мақаласында көрсетілген Алтын адам хақында ой өрбітті. Қазақстанда табылған Алтын адамдар Атырау мен Алтайға дейінгі аралыққа созылып жатқан ұлан-байтақ даланы мекендеген көшпенділердің көнеден адамзат өркениетінің көшбасшысы болғанын айғақтайды. Соның ішінде Аралтөбеден шыққан екінші Алтын адам қайқы қылыш хақындағы тарихқа бетбұрыс жасады. Бұдан байырғы қазақ жерінде металлургияның да жақсы дамығанын көреміз. Ал Ұлы даланы мекендеген түркі тектес халықтардың алтын бесігі - Алтай таулары. Бұл ұлан-ғайыр өлкені Ұлы Жібек жолы кесіп өтіп жатты. Тарих көшін түзген Ұлы далада ата-бабамыздың құрған мықты мемлекеттері салтанат құрмаса, Ұлы Жібек жолы да болмас еді. Міне, осындай дархан даламыз ұлы тұлғаларды дүние әкелді. Соның бірі – әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу насыр Әл-Фараби.

- Қазақстан - әлемдегі қызғалдақтың Отаны. Ұлы Жібек жолымен өткен керуендер қыр басында құлпырған көз жауын алар қазақтың қызғалдағын Европаға жеткізген. Бүгінде әлемдегі гүл сататын бірегей елге айналған Голландия қызғалдақтың туған жері қазақ жері екенін жоққа шығармайды. Апорт алма да сол секілді. Жалпы «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаланың атауы қазақтың жетіқат көк, жеті ата секілді киелі 7 санымен байланысты деп білемін. Ахмет Байтұрсынов «Қазақ - жоқ іздеген халық» деген екен. Ендеше, төл тарихымыздың түпсіз тұңғиығына тереңірек үңіліп, жоғымызды түгендеп, барымызды паш ететін сәт енді келді, -деді Ө.Озғанбаев.

Әрмен қарай қазақтың киіз үйінің қадір-қасиеті хақында ой өрбіткен ол Елбасының «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын жасақтау уақыт талабы екенін баса айтты.

Ардагерлер Наурызбай Төлеуов, Нұрдәулет Ақназаров, Зинел Бозтаев, Ауған соғысының ардагері Сисен Қонаров, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Тілеген Кәдіров, ақын Бүркіт Базарбаев, жастар атынан Дана Баймағамбетова және басқалар мақалаға орай өз ой-пікірлерін ортаға салып, көкейде жүрген көп сауалдарын ортаға салды.

Кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ф.Ахметова «Ұлы даланың жеті қыры» аясында аудан аумағында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар туралы баяндап өтті.

Е.Қошақанов.

Видеолар

Күнтізбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет