Өткел бермейтін теміржол өткелі нағыз қауіп-қатердің көзіне айналып барады

Құлсары мен Теңіз трассасының жолында орналасқан теміржол өткелінің мәселесі жылма-жыл «жыр» болып келе жатқалы қашан?!

Бұл әсіресе алып кен орнында Үшінші буын зауыты салына бастағалы нөмірі бірінші проблемаға айналды десек, артық айтқандық емес. Өйткені кезінде Құлсары поселке болып тұрған уақытта салынған тар әрі қазіргі заман талабына жауап бере алмайтын «шлагбаумның» көтерген салмағы ауырлай түсті. Қазір мұнда ерсілі-қарсылы ағылған ауыр жүк көліктерінен көз тұнады. Өткел ұзаққа жабылып қалған уақытта ұзын-сонар көліктер тізбегі Мақсот Таңқыбаев көшесінде орналасқан «Караван» дүкеніне дейін жеткенін талай рет көз көрген-ді. Сондағы жүргізушілердің түрін көрсеңіз! Тура екі мемлекет арасындағы шекаралық кеден бекетінде кезек күткен «дальнобойщиктер» дерсің!

Теміржол өткелінің үстінен автокөлік көпірін салу немесе оны қаланың өзге жеріне көшіру мәселесінің көтеріліп келе жатқанына да көп болды. Тіпті оның шешімін табуына кезінде «Теңізшевройл» ЖШС атсалысады деген хабар тарағанда көп жұрттың қуанып қалғаны рас. Өйткені ТШО-ның бұрынғы басшысы тап осы өткелден өте алмай жарты сағат уақытын жоғалтқанын бұқаралық ақпарат құралдары жазған-ды. Бірақ одан бері бірнеше жыл өтті. Бәрі де сөз жүзінде қалды. Қазір тонна-тонна түрлі құрылыс материалын, құрастырмалы жатақхана вагондар тиеген, зауыт құрылғыларын арқалаған, автоцистернасын қауіпті мұнай өнімдеріне толтырып алған ауыр жүк автокөліктері, желдей жүйрік жеңіл көліктермен жарысып, теміржол өткелімен әрлі-берлі сеңдей соғылысып жатыр. Өткел өз алдына, мұндай бей-берекетсіз қозғалыс қала ішіндегі жол қауіпсіздігіне де нұқсан келтіріп отыр. Оған дәлел ретінде шеті осы шлагбауммен шектесетін Мақсот Таңқыбаев көшесі бойындағы тасжолдың үстіндегі қауіпті айтсақ та жеткілікті. Ерсілі-қарсылы шұбырған көліктердің көптігі соншалық, олар көп ретте пойыз вагондарындай тіркесіп, жаяу жүргіншіге өткел бермейді. Бұл әсіресе қазіргідей қараңғылық ерте түсетін күз, қыс мезгілінде сабақтан кеш тарайтын мектеп оқушылары үшін қауіптің көзі. Тасжолдағы мұндай апаттық ахуалдың қалыптасуына біз сөз еткелі отырған теміржол өткелінің қазіргі талапқа сай еместігі себепші болып отыр.

Негізінен, өткел күзет ұстап, қауіпсіздігін қадағалап отырған №11 Құлсары жол дистанциясының қарауында. Біз бұл жөнінде мекеме басшысы Шамшадин Құрманбаевпен ой бөліскен едік:

-Теміржол өткелі біздің дистанцияға қарасты болғанымен, оның қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталуына жауапты – жергілікті әкімдік. Ол қазіргі талапқа сай емес, сондықтан мұнда қауіпті жағдайлар көп орын алып жатады. Жүргізушілер өткелден өту ережесін жиі бұзады. Көбіне-көп олар шлагбаумда тұрған кезектің алдын кесіп өтіп, көп көліктің алдына шығып, тұрып алады. Содан апаттық ахуал бой көтереді. Жақында бір «Икарус» автобусының беріліс қорабы істен шығып, тура өткелдегі теміржолдың үстінен өтерде тоқтап қалды. Оны теміржолшылар болып жабылып итеріп, әрең қозғадық. Бір автокөлік иесі қасындағы жолаушы әйелімен ұрысып келе жатып, өткел жиегіндегі темір дуалға соқтығысып, зақым келтірді. Осы секілді, өзге де құқық бұзушылықтар аз емес. Міне, соның барлығын қадағалайтын өткелге бейнебақылау ауадай қажет,-деді ол.

Ш.Құрманбаев теміржол өткелін қала сыртына ауыстыру керек деген пікірде. Ол бұл мәселені Теңіз кеніші шетелдіктерге жалға беріле бастаған 1993 жылдары-ақ көтерген екен. Бұл жөнінде сол кездегі аудан әкімі Б.Түсіпқалиевке ұсыныс жасапты. Бірақ сол кездегі теміржолшылардың техникалық жобасы жергілікті әкімдік тарапынан қолдау таппаса керек. Бірақ арада ширек ғасыр уақыт өтсе де ол өзектілігін жоғалтпай отыр. Дистанция басшысының сондағы ойы: қала ішіне енетін ауыр жүк көліктерін қаланың сыртымен әкету еді. Яғни аудан орталығынан Теңізге қатынайтын көліктер Қамыскөл көлінің арғы бетіндегі бүгінгі Р.Балмұханов көшесімен батысқа тура жүріп, теміржол үстінен арнайы салынған көпір арқылы өтіп, қала сыртындағы қазіргі тасжолға қосылуы тиіс-ті. Ол үшін өткелден 500-600 метр жерде көпір салуға өте ыңғайлы биік төбе де менмұндалап көрініп тұр. Ал Құлсары станциясынан шығатын теміржол қазір сол төбені қақ жарып өтіп жатыр. Рас, күні бүгін Балмұханов көшесі мен төбенің ортасында «Транс» ЖШС-нің «тупигі» орналасқан. 1990 жылдардың басында бұл жер бос жатқан болатын-ды.

Дистанция басшысының айтуынша, аудан аумағына қарасты теміржол бойының 1234-шақырымында да өткел бар. Теңізден келе жатқан ауыр жүк көліктерін сол теміржол өткелі арқылы да бұрып әкетуге болады. Сөз арасында Ш.Құрманбаев «Кең Жылой» газетінің 2016 жылғы 29 қыркүйектегі №39(7723) санында «Қараусыз қалған көпірлер қауіп-қатердің көзіне айналуы мүмкін» деген атпен жарық көрген осы жолдар авторының мақаласын еске салды. Онда дистанцияның 1239-шақырымында орналасқан теміржол үстімен өтіп жатқан иесіз қос көпір туралы мәселе көтерілген еді. Кейін оның ТШО балансында екені анықталып, бетон тіреуіші сыр бере бастаған көпірлер «Теңізшевройл» ЖШС-нің күшімен алынып тасталған-ды.

Бірақ орны сақталған. Ендеше, соны неге қалпына келтіріп, пойыз қозғалысының үстімен өтетін теміржол өткелі ретінде пайдаланбасқа деген ой тастады Шакең! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, уақыт өткен сайын Теңіз бен Құлсары аралығындағы теміржол өткелі өзекті мәселеге айналып келеді. Шлагбаумдағы «шатасқан» көлік қозғалысын күн сайын көзімен көріп отырған №11 жол дистанциясының бастығы есепсіз автокөлік пен үздіксіз жүйткіп жатқан пойыздар ішіндегі адамдардың тағдырына алаңдаулы. Ал өткелден ауыр-ауыр жүк артып, қала ішіне ағылған «SHACMAN», «MAN», «TATRA», «HYUNDAI», «КамАЗ» секілді түрлі транспорт құралдары СМП-224, 8,9-учаске тұрғындарын қою түтінге тұншықтырып жатқаны аздай, көше қозғалысын қиындатып, жаяу жүргіншілер мен жолаушылар өміріне үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл апаттық ахуал бәрінен де бұрын тротуары жоқ көшенің тасжолымен қысы-жазы әрлі-берлі ағылып өтетін мектеп оқушылары үшін аса қатерлі болып тұр.

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз.

Видеолар

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет