Аралтөбеден су қоймасы салынса

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың берген мәліметі бойынша биыл Жем суы өткен жылдағыдан аз тасыған.

Нақтырақ айтсақ, бұрын 2-2,2 метрге дейін көтерілетін су көлемі биыл 1 метрге әрең жеткен. Оның үстіне жаз бойы жаңбыр да жаумай қойды. Көктемде арнасынан асып жататын өзен суының мұндай аз болуы аудан тұрғындарын алаңдатады.

Алдағы жылдары су үзіліп, арнасы кеуіп қала ма деп те күдіктенеді шаруалар. Биыл ауданымыздағы егіншілер Жем бойынан 150 гектар жерге бақша салған. Ал шабындықтарға су шығару үшін шаруалар бөгеттер салып, бар суды жетектеуге мәжбүр болды.

-Жем өзені ауданымыздың ауылшаруашылығын дамыту үшін аса маңызды рөл атқарады. Өзеннің жалпы ұзындығы - 712 шақырым. Оның 500-і – Ақтөбеге, ал 212-сі – Атырауға тиесілі. Ауданымыздың үстімен ағып өтіп, Каспий теңізіне қосылуы тиіс. Сонымен бірге, Жемнің өзіне кішігірім 14 өзен келіп құяды. Олардың негізгілері – Құмжарған, Темір және Әулие өзендері. Жем өзеніне су Ақтөбедегі Мұғалжар тауында қыста жиналған қар мен бұлақ көздерінен келеді. Өзен қорының басым бөлігін көктемгі қар суы құрайды. Жем суын реттеу бағытында өзен бойынан шлюз салу жұмыстары қолға алынды. Атап айтсақ, Жем бойындағы Бақашы маңынан Құрсай өзегі арқылы Қамыскөлге құятын суды реттейтін шлюз қойылады. Сонымен қатар Дүйсеке ата маңынан Құржем бағытындағы өзекке су жіберу үшін екінші шлюз салынуда. Осыған дейін бұл бағытқа Жем суын бұру үшін уақытша бөгет салынып жүрді. Бұл жұмыстарды жүргізіп отырған мердігер мекемелердің берген мәліметі бойынша шлюз құрылысы келесі жылдың көктем айларында аяқталмақ,-дейді Нұртас Әминұлы. Шлюздердің құрылысы аяқталғаннан кейін шабындықтарға су шығару мәселесі де өз шешімін таппақ. Ауданның ауылшаруашылығын дамыту, қоршаған ортаның жағдайын жақсарту, Құрсай мен Қамыскөлдің толуы да Жем суына тікелей тәуелді. 80 мыңға жуық тұрғыны бар ірі ауданның әлеуметтік-экономикалық, экологиялық дамуында Жем ерекше маңызға ие. Өткен жылы мәселенің оңды шешілуі жолында жұмыстанып жүрген ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтар Жем өзені мәселесіне орай Ақтөбе облысында іссапарда болған еді. Ол жерде ақтөбелік халық қалаулылары, су мамандарымен бірге Жем суы мәселесін бақылап қайтқан болатын. Сол кезде сенатор Жемге құятын өзен арналарын, бұлақ көздерін тазалау жұмыстары мүлде жүргізілмегенін атап өтті. Бұл бағытта жұмыс жасайтын арнайы мекеме қажет екені де белгілі болды. Бұл мәселені шешудің бір жолы Аралтөбеден су қоймасын салу екені айтылып келеді. Аудан халқы үшін маңызы жоғары жоба жүзеге асса, ол жерге суды жеткілікті көлемде жинауға болады деп есептейді мамандар.

Қ.Дүйсенбетов.

Видеолар

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет