Оңай олжа орға жықты

Қазан айының жер бетін қараңғылық басқан кешкі мезгілінде «Форд-Транзит» автокөлігі Прорва кен орнына қарай бағыт алып бара жатты.

Ішінде Теңіз кенішіндегі мердігер мекемеде жұмыс жасайтын үш жігіт бар. №9 апаттық жағдайда жиналу алаңына жақындағанда олар сақтық үшін көліктің жарығын сөндіріп тастады. Жүргізуші екі сыбайласы түсіп қалғаннан кейін темір тұлпарын топырақ үйіндісінің тасасына тығып қойды да, олардың қоңырау шалуын күтті. Ал екі серігі алаңға бұқпантайлап жаяу жетті. Онда апаттық жағдайда қолданылатын құтқарғыш респираторлары салынған көк түсті жәшіктер жинаулы тұр еді.

Келген бойда бірі қолындағы құралмен жәшікті ашып жіберді де, ішінен тоғыз дана қорапқа салынған респираторды алып, екеулеп таси бастады. Оны алаңның оңтүстік-шығыс бөлігіне апарып жинап алды. Содан соң көлігімен күтіп тұрған сыбайласына қоңырау шалды. Ол да тыпыршып әзер шыдап отыр екен, лезде межелі жерге жетіп келді. Көзді ашып-жұмғанша ұрлаған заттарын «Форд-Транзитке» тиеп алып, оқиға орнынан табандарын жалтыратты.

Бірақ ұрылар алысқа ұзамады. Полиция қызметкерлері сөз байласқан сыбайластарды тез құрықтады. Алдын ала тергеу амалдары кезінде олар өз кінәсін мойындап, қолымен жасаған ісін мойнымен көтеруге мәжбүр болды. Ұрлықтың кесірінен компанияға 6 252 480 теңге шығын келді. Өйткені олар ұрлаған 9 қораптағы 720 дана респиратордың әрқайсысының құны 8684,18 теңге тұратын-ды.

–Ұрылардың үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша қылмыстық іс көтерілді. Заң тілімен айтқанда «адамдар тобы болып алдын ала сөз байласып, бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жасырын түрде жымқырғаны» үшін айыпталды. Қою қараңғылықты жамылып, оңай олжаға батпақшы болған ұрылар енді сот арқылы заң алдында жауап бермек, – дейді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Серікқали Тасқалиев.

Қазақта «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады» деген нақыл бар. Жұрттың қолы жетпейтін Теңіз кенішіндегі мердігер мекемеден алатын еңбекақысын місе тұтпай, ұрлыққа барған жұмысшылар енді жұмыстан бір, абыройдан екі айрылып, бастары салбырап, сот орынтағында отыратын болды. Оның үстіне «сотталған» деген атақ бірнеше жыл бойы қарынға жабысқан талақтай қыр соңынан қалмайтыны анық. Ондай жігітті бұл заманда кім жұмысқа қабылдай қояр екен?!

Е.Бисекенұлы.

Видеолар

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет