Бұл жерде Сарықамыстай ауыл болған

Уақыт тегершігін кері айналдырсақ тарихтың мына бір парақшаларына тап боламыз.

Сонау 1959 жылы ауданымызда жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде Прорва өңірінде жаңа мұнай кеніші бар екені анықталды. 1963 жылы кеніш өндірістік пайдалануға беріліп, «Прорванефть» басқармасы құрылды. Прорва кенішінің игеріле бастауына орай сол жылы кеніштен 25 шақырым қашықтықта 43 037,6 га жер аумағын алып жатқан Сарықамыс поселкесі бой көтерген болатын. Осынау шағын ғана ауылға басқармада еңбек ететін прорвалық мұнайшылар қоныстанды. Қолдарына, беттеріне май сіңген қарапайым жандар мұнай селін тасқындатты. Сарықамыс талайлардың алтын бесігі, топырағын кешіп өскен туған жері болды. Бұл жерден майталман мұнайшылар, өндіріс, ел басшылары шыңдалып шықты.

Ал сонау 70-ші жылдардың соңында Теңіз кен алаңының ашылуына байланысты поселке басқа жерге көшірілді. Себебі бұдан былай атағы дүрілдеген алпауыт «Теңізшевройл» кен орнына жақын орналасқан, оның санитарлық қорғаныс аймағындағы сарықамыстықтарға экологиялық жағынан тиімсіз әрі қауіпті еді. Осындай жағдайда 2002 жылдың 18 наурызында Сарқамыс тұрғындарын 2006 жылға дейін Атырау қаласы мен Жылыой аумағындағы Жаңа Қаратон кентіне көшіру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды. Кент тұрғындары өз қалауларымен 2006 жылы Атырау қаласындағы «Сарықамыс» ықшамауданы мен Жылыой аумағындағы Жаңа Қаратон ауылына толықтай көшірілді. Әрине, туып-өскен жерлеріне деген қимастық та болды. Он жылдан астам уақыт өтсе де ескі жұртқа деген сағыныш тарқамады. Сарықамыс пен Қаратон халқы туған ауылдарын әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Жуырда өсіп-өнген өлкеге деген ерекше ықыластарының белгісіндей елжанды азаматтар мен ембілік мұнайшылардың ұйымдасуымен Прорва кенішінің 55 жылдығына орай Сарықамыс елді мекенінің орнына тарихи ескерткіш орнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары А.Габдуллин, ауылдың ардагерлері, тұрғындары, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері қатысты. Көгілдір лента қиылып, ауыл қариялары туған ауылдарын тебірене еске алды.

– Тұрғындардың туған жерлерін ардақтап, ескерткіш орнатуы – болашаққа жасалған белгі ғана емес, ұрпаққа үлгі-өнеге, аманат деп білеміз. Осындай ескерткіш орнатқан азаматтарға мың алғыс, - деді ауылдың байырғы тұрғыны, ардагер, басқарма зейнеткері Сатыбалды Бозанұлы Әділов.

Жиналғандар «Каспий самалы» атты мұнайшылардың вахталық қалашығының мәжіліс залында өткен ауыл тарихынан сыр шертетін деректі фильмнің тұсаукесеріне қатысты.

– Ескерткіштің ашылуына ауыл тұрғындарымен қоса, осы жерден тәрбиеленіп шыққан бірқатар ембілік мұнайшылар қолдау көрсетті. Сонымен қатар, қомақты қаржы бөліп, демеушілік жасаған «Жылоймұнайгаз» МГӨБ кәсіподақ ұйымына да алғысымыз зор. «Бірлескен істе ғана береке бар» демекші, енді бұл – сарықамыстықтардың сағынып оралатын, өткенді, тай-құлындай тебіскен бақытты балалық шақтарын еске түсіретін тарихи орынға айналары сөзсіз, – деді «Жылоймұнайгаз» МГӨБ басшысы Мақсот Наукенов.

Салтанатты шарада аталған мұнай-өндіру басқармасы ұжымы кәсіподақ комитеті мүшелерінің атынан Атырау қаласы «Сарықамыс» ықшамауданындағы Қ.Қайсенов атындағы орта мектепте білім алатын әлеуметтік жағдайы төмен – 17, Жылыой ауданының Қаратон елді мекеніндегі 10, Қаратондағы, Сарықамыс ауылындағы 5 балаға қаржылай қайырымдылық көмек көрсетті.

Ескерткішті талантты сәулетші Матай Әбдрахманов жасаған. – Әрбір суретші жобаны жасау алдында қандай символиканы қолдану керектігіне ерекше мән береді. Ескерткіштегі түйелер кездейсоқ алынып тұрған жоқ. Түйе – тарихымыздың қатпарында жатқан үлкен тарихи сырлардың куәгері. Сонау Асан қайғы, Жібек жолындағы саудагердің заманынан, кейін алғашқы мұнай өндірілген кезде түйелермен жеткізілгені де тарихтан белгілі. Сондықтан түйе қазақпен бірге жаралған деуге толық негіз бар. Осы себепті, қазақ даласының символы ретінде түйелер белгіленді. Жоғарыда бейнеленген шаңырақ қазақтың қабырғасы іспеттес. Қазақтың қайтпас мінезі, қайсарлығы, өмір жолы, табиғатымыз, кең даламыз – міне, осының барлығын жобада қамтуға тырыстым. Біз қойылған әр ескерткішке қуанамыз. Өйткені кез келген белгі осы жердің иесі бар дегенді білдіреді, – дейді сәулетші.

Осылайша, жапан даладағы бір кезде түтіні шалқып жатқан ауылдың орнында қалқайып ескерткіш менмұндалап тұр. Бұл жермен өткен-кеткендер сонау өткен ғасырда Сарқамыс деген поселке болғанын осы ескерткішке қарап білмек. Туған жерін сүйген азаматтардың сол туған жеріне деген тартуы осындай болды. Туған жер әрқашан перзенттерінің жүрегінің төрінде ең қымбат ескерткіш боп орныққан. Міне, ол Жер-ананың төсіндегі ең қымбат, мәңгі өшпес бір нүктеге айналды.

С.Тәжіқызы.

Видеолар

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет