«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы Құлсары қаласында жүзеге аса ма?

"7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі қажет.

Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады", – деген еді Елбасы.

Осыған орай, өткен аптаның сейсенбісі күні ауданға іссапармен Ұлттық банктің Атырау облысы бойынша филиалының Қаржы қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау және қаржы ұйымдарын бақылау бөлімінің басшысы Асланбек Қабесов келді. Аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездескен ол «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін күні бүгін жеті банк тілек білдіріп, алды ипотекалық несиелер бере бастағанын жеткізді. Әрмен қарай Асланбек Шеркешбайұлы оның негізгі шарттарымен таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағдарлама бойынша баспаналы болуға ниет білдірген тұрғындар арнайы құрылыс компаниялары салған тұрғын үй кешенінен пәтер таңдауы шарт. Банктер де сондай көпқабатты ықшамаудандардан ипотекалық несие ресімдеуге мүдделі. Ал мұндай сақалды құрылыстар облыс орталығында болмаса, Құлсары қаласында жүріп жатқан жоқ.

Кездесуді жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Қаһарман Бағынов: «Егер тұрғындар жаппай қызығушылық танытып жатса, онда Құлсары қаласынан да тұрғын үй кешенін салуға ниет білдіріп отырған құрылыс компаниялары бар. Мәселенің шешімін тапсын десек, онда баспанаға зәру жандар бір кісідей атсалысуы керек»,-деді. Оны қолдаған тұрғындар да болды. Әйтсе де, бағдарлама бойынша берілетін несие мөлшерін қарапайым халықтың қалтасы көтермейтін болып шықты. Өйткені ипотекаға үй алу үшін бастапқы кіріс ретінде баспана құнының 20 пайызын төлеу қажет. А.Қабесов мысалға келтіргендей, баспана 10 млн. теңгеге бағаланса, онда несие алушының қолында 2 млн.теңге жинағы болуы тиіс. Бірақ ондай сома табысы аз тұрғындарда қайдан болсын?! Мәселен, өзін Гүлбаршын Кереева деп таныстырған әйел 35 жыл ұстаздық еткен жоғары санатты мұғалім ретінде алатын жалақысы 100 мың теңгеден аспайтынын айтты. Күйеуі - ІІ топтағы мүгедек, көзі көрмейді. «Ондай ақшаны қайдан табамын?» - деді ол. Әрине, А.Шеркешбайұлы жергілікті атқарушы органдар кей тұрғындарға бастапқы кіріс сомасының жартысын субсидия ретінде беру жағын қарастырып жатқанын тілге тиек етті.

«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» облыстық филиалының кеңесшісі Жайнагүл Қожанова өзіміздің Құлсарыдан баспаналы болуды армандап жүрген жерлестеріміздің үмітін оята түсті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Атырауда 1512 үй салынып, құрылыс жұмыстары жалғасын тауып жатқанын хабарлаған оның сөзінен 2-нарық бойынша жеке адамдардың тұрғызған, бұрын пайдаланылған баспанасын да ипотека арқылы сатып алуға болатындығын білдік. Бұл ретте Жайнагүл Мақсұтқызына сауал жолдаушылар аз болмады.

Аудандық маңызы бар Құлсары қаласына да құрылыс компанияларын шақыртып, Атыраудағы тәріздес тездетіп көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға жұмыстанғанымыз абзал-ау!

Ербол Қошақанов.

Видеолар

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет