Жылыойдың қыздары

Қыз баласын ардақтаған Жылыой жерінде:

«Орынбордың, Тұзтөбенің тұзын көрсең,

Жылыойдың таң қаларсың қызын көрсең.

Атыңнан түскен қайтіп міне алмайсың

Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең» - деген әйгілі ән қалған. Біреу білер, біреу білмес. Жылыойдың арғы-бергі тарихындағы асыл қыздары туралы әңгімелейін деп ойладым ауданымыздың тоқсан жылдық торқалы тойы қарсаңында. Біздің жақта Асалы-Көкетай – ел құлағындағы аяулы есімдер. Қозы мен Баян, Жібек пен Төлеген сияқты асыл ғашықтардың жалғасындай екі жас бір замандарда Жылыой өңірінде өмірден өткен екен…

Дала – дастанның сарғайған парақтарында ноқаттай екі тамшы көз жасы тұр. Бұл – жылқышы жігіт Асалы мен бай қызы Көкетайдай қосыла алмаған қос ғашықтың арманды мұңы, аңсарлы сыры. Жем жағасындағы әр көктем сайын көгеріп шығатын жасыл құрақтар да, бір мұң құшқандай үнсіз тебіреніп жататын құмдар да, сағыныш пен жылылықтың белгісіндей исі мұрныңды жаратын жусан да, жылы жақтан жақсы хабар естуге асыққандай туған жерге оралатын құстар да, иә, осының бәрі сол бір қайғылы ғашықтық хикаяны ұмытпағандай, кейде мұңданып, кейде толғанып, кейде жас баланың уіліндей әдемі сазды ұйып тыңдап жатқандай болады.

Қозы –Баян, Қыз Жібек –Төлеген тағдырлас Жылыой топырағындағы Асалы-Көкетай мазары да тарихтың бір сырын ішіне бүгіп жатыр. Жылқышы жігіт Асалы мен байдың қызы Көкетай махаббаты ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп тарап келеді. Ел ішінде қатар жүрер жол таппаған қос ғашық қол ұстасып қашып кетіпті. Соңдарынан ерген қуғыншылардың қарасын көрген қыз: «Қашайық, мына Жемнен әрі асып кетсек» дегенде, жігіт «Сен қамыстың арасына бой тасалай тұр.Менің қашқаным жарамас» депті. Жалғыз қарындастарының соңынан қуып келген қыз ағалары Асалыны аттан сойылмен ұрып құлатыпты. Асалының соңғы демі «Көке! Көке! Көкетай!» болыпты.Көкетай жүгіріп жеткенде , қуғыншылар «Заты ұрғашы ғой ,бетін тырнап жылап сықтар, қарғанар, сосын соңымыздан ерер»деп ойласа керек. Сүйіктісінің бұл дүниелік емес екеніне көзі жеткен Көкетай сұлу ұмтылып барып, қанжарды қолына алып : «Асалысыз тірлікті қайтем?» деп қақ жүрегіне сұғыпты да , сол жерде жан тапсырыпты. Бармағын тістеген ел «Асалы-Көкетай» мазарын осылай салса керек. Маржан Ершу, ақын-аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі.

(Толық нұсқасын «Кең Жылой» газетінің №37 санынан оқи аласыздар)

Видеолар

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Наверх
Локальный сервер Денвер.
Рентген кабинет